ШҚО ТЖД қызметкерлері балаларды қалай құтқаратыны туралы айтты

ШҚО ТЖД қызметкерлері балаларды қалай құтқаратыны туралы айтты

2022 жылдың басынан бастап ШҚО ТЖД қызметкерлері өрт кезінде 13 бала және авариялық-құтқару жұмыстары кезінде 99 баланы құтқарған.  Көбінесе балалар пәтерлер мен үйлердегі есіктер жабылып қалып, қамалып жатады, қандай да бір құрылымдарға қысылып, кептеліп қалады, қауіпті заттармен, сіріңкелермен ойнайды, ағаштарға өрмелеп, ашық тұрған терезе алдына шығады, қауіпті су айдындарының жанында жүреді.

3 қарашада Шемонаиха қаласында шамамен 20 сағат 50 минутта  балалар пәтерде қамалып қалған. Оқиға орнына келген 28-ӨСБ қызметкерлері құтқару арқанының көмегімен 4-қабаттан 3-қабаттағы пәтердің балконына түсіп, шанц құралдарын пайдалана отырып есікті ашты. Үйде 2 бала болған.

4 қараша күні сағат 00:42 шамасында Өскеменде құтқарушылар Нұрсұлтан Назарбаев даңғылындағы пәтердің жуынатын бөлмесінде қамалып қалған балаға көмекке келді. Ата-анасы есікті өз бетінше аша алмаған. ШҚО ТЖД қызметкерлері келген соң құралдардың көмегімен есіктің құлпын ашып, 2009 жылы туған баланы құтқарып алды.

Өткен түнде Михаэлис көшесінде екі баласы бар әйел пәтердің алдыңғы есігін аша алмай, оған құтқарушылар көмектесті.

«Құтқару жұмыстары өте жиі жүргізіледі. Балалар түрлі жағдайларға тап болып жатады, кейде ата-анасы қауіп деңгейін дұрыс бағаламай жалғыз қалдырып жатады», - дейді ШҚО ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық - құтқару жұмыстары қызметінің» бастығы Айдос Нүсіпбаев.

 ШҚО ТЖД ата-аналарға балаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы еске салады. Ешбір жағдайда балаларды қараусыз қалдырмаңыз. Олардың бос уақытын ойластырыңыз. Көшедегі және үйдегі жүріс-тұрыс ережелерін түсіндіріңіз.

Төтенше жағдай кезінде 112 нөміріне хабарлаңыз.

 

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі