Су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша баспасөз конференциясы

Су тасқыны кезеңіне дайындық бойынша баспасөз конференциясы

 

2020 жылғы 25 ақпанда Үкімет отырысының қорытындысы бойынша ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Ю. В. Ильиннің қатысуымен су тасқыны кезеңіне дайындық туралы баспасөз конференциясы өтті.

Ю. В. Ильин хабарлағандай, ІІМ орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту бойынша іс-шаралар кешенін жүргізуде.

«Қазгидромет» РМК-ның алдын ала болжам деректері бойынша елдегі қар қоры мен өзендер бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі нормадан айтарлықтай жоғары.

Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында жағдайдың қиындауы өте ықтимал.

Елімізде шынайы қауіп-қатер аймағында тұрған 609 елді мекенді және 675 автомобиль жолын және 259 темір жолды су басу қаупі бар.

Су басуды болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар елді мекендерден 8,8 млн. текше метрден аса қар шығарды, ЖЖМ, инертті материалдар, құм салынған қаптар мен жарылғыштар қоры қалыптастырылды.

Ықтимал су басу жағдайына эвакуацияланатын халықты қабылдайтын 1707 бекет әзірленді, маршруттар жаңартылды, қажетті көлік бөлінді. Тіршілікті қамтамасыз ету үшін әкімдіктер қажетті құралдарды, азық-түлік пен ауыз су қорын дайындады.

Су тасқыны жағдайының ықтимал қиындауына жедел ден қою мақсатында ішкі істер органдарынан жалпы саны 9 мың адам және 1730 бірлік техникадан арнайы күштер мен құралдар топтамалары құрылды.

25-26 ақпанда, елімізде «Көктем-2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу өтеді. Оны басқару штабы Нұр-Сұлтан қаласында. Оқу-жаттығуда жұмылдырылған күштердің әзірлігі  тексерілетін болады.

Су тасқыны қатерлерін алдын алу және оларды жою жөніндегі жол картасы (2017-2020 жылдарға арналған) іске асырылуда. Бұл өткен 3 жыл ішінде 437 елді мекенде су басу қаупін болдырмауға, 287 елді мекенде су басу қаупін барынша азайтуға көмектесті.

Осы жұмыстың шеңберінде 515 шақырым қорғаныш бөгені тұрғызылды, 508 шақырым қорғаныш құрылыстары жөнделді, су тасқыны қауіпті өзендер арнасында 537 шақырым жағалауды бекіту, түбін тереңдету және түзету бойынша жұмыстар жүргізілді.

Су тасқыны кезеңінің өтуі ІІМ, орталық және жергілікті атқарушы органдардың бақылауында.

 

ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі