Ұлттық қорғаныс университетінде азаматтық қорғау кафедрасы ашылды

Ұлттық қорғаныс университетінде азаматтық қорғау кафедрасы ашылды

2022 жылғы 21 қазанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғау кафедрасының ашылу салтанаты өтті.

Кафедраның негізгі міндеті - азаматтық қорғау саласында мамандар даярлау. Кафедраға философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесі бар төрт офицерді тағайындау жоспарлануда.

Салтанатты шараға ҚР Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Сұлтан Камалетдинов, Ұлттық университет басшылығы және ТЖМ, Қорғаныс министрлігінің қызметкерлері қатысты.

Ибрагим Күлшімбаев аталған іс-шараның маңыздылығын атап өтіп, кафедраның ашылуымен құттықтады. «Қорғаныс министрлігі мен ұлттық университет басшылығына кафедра құруға көмек көрсеткені және біздің офицерлерімізге осы салада білім алуға мүмкіндік бергені үшін алғысымды білдіремін. Болашақта бұл бізге Төтенше жағдайлар министрлігінің офицерлік кадрларының біліктілігін едәуір күшейтуге және ТЖ күштері мен құралдарын жедел-тактикалық басқарудың жаңа және тиімді деңгейіне шығуға мүмкіндік береді»,- деп атап өтті ол.

2022 жылғы 11 қазанда Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бұйрығымен азаматтық қорғау кафедрасы құрылды.   

Кафедрада мынадай пәндер оқытылатын болады: азаматтық қорғауды ұйымдастыру және жүргізу; бейбіт және соғыс уақытында азаматтық қорғау іс-шараларын жоспарлау және басқару; авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру және жүргізу; авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуді қамтамасыз ету, төтенше жағдайларда радиациялық, химиялық және медициналық-биологиялық қорғау; төтенше жағдайларда инженерлік қорғау; төтенше жағдайлардың алдын алу және профилактика.

2021 жылы Қазақстан Республикасының ғылыми жобаларын гранттық қаржыландыру шеңберінде (Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі беретін) кафедрада азаматтық қорғаныс тақырыбы бойынша ғылыми грант іске асырылатын болады, бұл тұтастай алғанда республиканың азаматтық қорғанысының ғылыми құрамдас бөлігін дамытуға ықпал етеді.

Айта кету керек, 2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінің базасында «Азаматтық қорғаныстың жедел-тактикалық басқармасы» біліктілігімен «Әскери істегі менеджмент» мамандығы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери қызметшілері мен азаматтық қорғау офицерлерін даярлау басталған болатын.                                     

 

 

ҚР ТЖМ баспасөз қызметі