Қарағандыда қаза болған өрт сөндірушінің құрметіне көше ашылды

Қарағандыда қаза болған өрт сөндірушінің құрметіне көше ашылды

Құтқарушылар күні қарсаңында Қарағанды қаласындағы көшелердің біріне қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан өрт сөндіруші Қайрат Тілеуғабұловтың есімі берілді.

Салтанатты шараға қаза болған әріптестердің туыстары мен қызмет ардагерлері шақырылды.

Ішкі қызмет капитаны Тілеуғабулов Қайрат 1966 жылы 17 қаңтарда Қарағанды қаласында дүниеге келген. КСРО ІІМ Алматы өрт-техникалық училищесін ойдағыдай бітіріп, 1986 жылы Саран қаласының №29 әскерилендірілген өрт сөндіру бөлімінде еңбек жолын бастады. Жауапты да табанды Қайрат қызметте біртіндеп көтерілді. 1997 жылы Қарағанды облысы Мемлекеттік өртке қарсы қызметі кезекші өрт сөндіру қызметі бастығының көмекшісі қызметіне тағайындалды.

1998 жылы 20 ақпанға қараған түні Қарағанды қаласындағы «Каргормаш» ЖАҚ-ның әкімшілік ғимаратында болған өртті сөндіру кезінде күрделі ауа райы жағдайында (-28 С аяз, қатты жел) және жеке құрам тапшылығы жағдайында аса қауіпті әскери учаскені басқарды. Жанып жатқан ғимараттың мұз қатқан төбесінде жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ол шатырдан құлап кеткен. Батыр ұлдың, әкенің, ағаның, майдандас жолдасымыздың өмірі үзілді.

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Қ.С. Тілеуғабулов қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.

«Біз үшін өз өмірін қауіпті де игілікті қызметке арнағандарды мәңгі есте қалдыру маңызды. Бұл ең алдымен өрт сөндіруші-құтқарушылардың болашақ ұрпағы үшін, бүгінде арамызда жоқ әріптестеріміздің туыстары мен достары үшін қажет. Бұл көше өзгелердің өмірін сақтап қалу жолында жанын қиған жандардың абыройы мен ерлігінің белгісі, іспеттес азаматтық қорғау жас мамандарының болашақ ұрпағы үшін жол сілтейтін белгі және бағдар болады», - деп Қарағанды облысы Төтенше жағдайлары департаментінің  басшысы Мұрат Қатпанов айтып өтті.

Қарағанды облысында азаматтық қорғау органдары жұмыс істеген уақытта өртке қарсы қызметтің 11 қызметкері қызметтік міндеттерін атқару кезінде жанын қиды. Қайтыс болған жолдастарымыздың жасы әртүрлі, ұлты әртүрлі, түрлі қызметте болғанымен, олардың барлығына ортақ бір нәрсе – олар біздің отта жүрген адал жолдастарымыз, өмірдегі достарымыз болды, өз міндеттерін абыроймен атқарды.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі