
Ауа райының нашарлауына байланысты (боран, көктайғақ, көрінудің нашар болуы) 7 облыста автокөліктің барлық түрлері үшін республикалық маңызы бар автожолдардың 53 учаскесінде және 5 облыста облыстық маңызы бар автожолдардың 129 учаскесінде қозғалыс шектелді.
Осы учаскелерде патрульдеуге, авариялық-құтқару және қар тазалау жұмыстарына 660 адам және 430 бірлік техника, оның ішінде ІІМ (352 қызметкер және 181 бірлік техника), жол қызметі (287 қызметкер және 236 бірлік техника) және ЖАО (21 қызметкер және 13 бірлік техника) жұмылдырылды.
Өткен тәулікте Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары үшін 4 дауылды алдын ала ескерту жарияланды.
Республиканың автожолдарында барлығы 950 адам құтқарылды, оның ішінде 63 бала, жылыту пункттеріне 554 адам, оның ішінде 30 бала жеткізілді. Қар үйінділерінен автожолдардың тазартылған учаскелеріне 211 автокөлік шығарылды.
ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі