
Жұмыс сапарының екінші күні ТЖ министрінің міндетін атқарушы Ибрагим Күлшімбаев Ұлытау облысының тұрғындарымен кездесу өткізіп, азаматтарды жеке қабылдады. Тұрғындар негізінен алдағы қысқы кезең мен жылыту маусымына, сондай-ақ дала және орман өрттерінің алдын алуға қатысты мәселелерді көтерді.
Халықпен кездесу барысында Ибрагим Күлшімбаев министрліктің атқарған жұмысы және жоспарлары туралы баяндама жасады. Ол Ұлытау облысының Жезқазған және Сәтбаев қалаларында 2 өрт сөндіру депосын салу жоспарланып отырғанын айтты. Сонымен қатар жаңадан құрылған Ұлытау облысы үшін жыл соңына дейін 14 бірлік техника сатып алу жоспарланып отырғанын атап өтті.
Халықпен кездесу соңында Ибрагим Күлшімбаев бұқаралық ақпарат құралдары үшін брифинг берді.
Бұдан әрі ол Ұлытау өңірінің аумағында Жезді және Ұлытау кенттерінде орналасқан №4 және №5 өрт сөндіру бөлімдерінде болып, бөлімнің жеке құрамымен кездесіп, алдағы кәсіби мереке Құтқарушы күнімен құттықтады.
Ұлытау облысы ТЖД баспасөз қызметі