
Мұнай-газ саласында 261 мұнай-газ ұйымы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің қадағалауында, оның ішінде: мұнай және газ өндіру бойынша – 117, мұнай мен газды магистральдық құбыржолдары арқылы тасымалдау бойынша – 50 және ұңғымаларды бұрғылаумен және жөндеумен айналысатын – 94 ұйым.
Қадағалау объектілерінің саны 96 294 бірлікті құрайды, оның ішінде ұңғымалар қоры 42 197 бірлікті, оның пайдаланудағы – 23 532, консервациялауда – 1 916, жойылудағы – 9 443, айдау, су тарту, бақылау – 7 306 ұңғыма, сондай-ақ бұрғылау және ұңғымаларды жөндеуге арналған қондырғылар 614 бірлікті құрайды.
Мемлекеттік инспекторлардың өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарын бұзушылықтарды уақтылы анықтауы қауіпті өндірістік объектілерде авариялар туындауының алдын алу жөніндегі негізгі шаралардың бірі болып табылады. Жыл басынан бері 175 тексеру жүргізіліп (ерекше тәртіп бойынша 87 тексеру және 88 жоспардан тыс тексеру), 6 мыңнан астам бұзушылық анықталды, адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупі төнгені үшін 5 субъектіде 115 объект тоқтатылды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жалпы сомасы 11,5 млн. теңгеге 85 заңды тұлға айыппұл салу түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ағымдағы жылы осы саланың қауіпті өндірістік объектілерінде 3 авария (33%-ға төмендеген) және 104 оқыс оқиға тіркелді, авариялар нәтижесінде 1 адам зардап шекті.
Сонымен қатар, мемлекеттік инспекторлар 320 оқу және аварияға қарсы жаттығуларға, қабылдау сынақтарына, техникалық куәландыруға, сондай-ақ жазатайым оқиғаларды тексеру жөніндегі комиссияларға қатысты.
Комитеттің аумақтық бөлімшелері қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету (ықтимал авариялардың, оқыс оқиғалардың және жарақаттанудың алдын алу және болдырмау) мақсатында мұнай-газ саласы өкілдері арасында түсіндіру іс-шараларын тұрақты негізде жүргізеді. Жыл басынан бері 12 кеңес өткізіліп, онда Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде: «Мұнай және газ өнеркәсібі салаларындағы қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Мұнай және мұнай өнімдеріне арналған резервуарларды пайдалану және жөндеу кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Магистральдық құбырларды пайдалану кезіндегі өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының», «Газдарды дайындау және қайта өңдеу бойынша қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» және «Теңізде мұнай операцияларын жүргізуді жүзеге асыратын қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті