2021 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы кәсіпкерлік қызмет саласында жаңа реттеушілік саясатты енгізу мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңын қабылдады. Оны іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері реттеудің жаңа тәсілдеріне сәйкес реттеушілік актілерді қайта қарау және Кәсіпкерлік саласындағы міндетті талаптар тізілімін қалыптастыру жөніндегі жұмысқа белсенді түрде қатысуда.
Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібі саласындағы «таза парақтан» мемлекеттік реттеу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының құрамына (ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 27 мамырдағы № 290 бұйрығымен құрылған) Комитет өкілдері кірді.
Жұмыс тобының кезекті отырысында Комитет қызметкерлері мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдерімен бірлесіп, өңдеу өнеркәсібі саласындағы бизнеске қойылатын міндетті талаптарды қамтитын өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы 16 нормативтік құқықтық актіні қарады.
Талдау қорытындысы бойынша 4 787 талап анықталды, оның ішінде 326 талап базалық шарттарға сәйкес келмейтіндігі анықталып, осыған байланысты олар болашақта өзгертілетін немесе жойылатын болады.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті