
Қарағанды облысының ТЖ департаменті жылыту маусымы қарсаңында халықпен ауқымды үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде.
Осыған орай облыс әкімдігінде Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында көтерілген мәселелердің бірі 2022-2023 жылдардағы жылыту маусымындағы тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды.
Осы мәселе бойынша Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Бекбосынов Нұрлан Сәкенұлы сөз сөйлеп, тұрғын үй секторындағы өрттердің және көмірқышқыл газымен уланудың алдын алу шаралары жыл сайын шілде айынан бастап жылыту кезеңі аяқталғанға дейін жалғасатынын атап өтті.
Улы газбен уланудың қайғылы салдарының қаупін азайту мақсатында облыс аумағында жергілікті атқарушы органдардың қаражаты және демеушілік көмек есебінен түтін датчиктері мен улы газ датчиктерін орнату практикасы жалғасуда. 2018 жылдан бері халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлеріне барлығы 3 377 датчик орнатылды.
Ағымдағы жылдың 15 тамызы мен 15 қыркүйегі аралығында облыста өрт қауіпсіздігі айлығының бірінші кезеңі өткізіліп, оның барысында халықтың әлеуметтік осал топтарының тұрғын үйлері профилактикалық рейдтермен, үй-үйді аралаумен, негізгі өрт қауіпсіздігі айлығымен қамтылып, өрт қауіпсіздігі ережелері тұрғындардың назарына ұсынылды. Күнделікті өмірдегі өрт қауіпсіздігі шаралары және өрт кезіндегі іс-әрекеттер туралы брифингтер өткізілді. Бұл жұмыстармен өткен айда 13 мыңнан астам адам қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар 2022-2023 жылдардағы жылу беру кезеңі аяқталғанға дейін жалғасады.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі