
Шет ауданында өрт сөндіруге арналған «Ермак» автоцистерналары бар арнайы моторлы тіркемелер сатып алынды. Олар Ақсу-Аюлы және Успен, Ақшоқы, Көктенкөл ауылдық округтері әкімдіктерінің балансына берілді.
«Ермактар» аудандық бюджет қаражатына сатып алынды. Тіркемелерде 1000 литрлік цистерна, сорғы құрылғысы және суды шашыратуға арналған арнайы қондырғы бар.
– «Ермак» – бұл әртүрлі сыйымдылықтардан және басқа да жоғары қысымдағы таза су көздерінен су ағынын беру арқылы өрттерді жедел сөндіруге арналған моторы бар құрал. Ол қозғалтқыш, жоғары қысымды сорғы, қатты дымқылдатқышқа арналған араластырғыш, тапанша, барабан және оған оралған жоғары қысымды шланг орнатылған металл рамадан тұрады. Біз «Ермак» қондырғысын әкімдіктердің балансына бердік. Оларды мобильді топтар пайдаланады», - деп аудан әкімінің орынбасары Дәурен Қарсембаев айтты.
Алдағы уақытта осындай өртке қарсы құрылғылар барлық ауылдық округтер мен кенттерге берілетін болады, деп қосты спикер.
– Бұл тіркемелерді кез-келген жеңіл көлікке бекітуге болады, ал қолжетімсіз жерлерде артқы жағына арнайы сөмкелер іліп, су шашыратуға болады. Біз олардың кенттер мен ауылдық округтерге дала өрттеріне қарсы тұру үшін берілгеніне қуаныштымыз. Сондай-ақ, «Ермактардың» ішінде арнайы киім, өрт сөндіруге арналған брезент бар, – деп Көктенкөл ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Талғат Шахмин атап өтті.
Шет ауданында барлығы екі өрт сөндіру бөлімі, төрт өртке қарсы бекет бар. Сондай-ақ барлық ауылдық округтерде өртке қарсы ерікті құралымдар бар.
Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі