Қарағандылық құтқарушылар таудан жарақат алған ер адамды эвакуациялады

Қарағандылық құтқарушылар таудан жарақат алған ер адамды эвакуациялады

Сенбі күні құтқарушылар Қарқаралы ауданында аяғын жарақаттап, өздігінен қозғала алмаған ер адамды эвакуациялады.

20 тамыз күні таңертең сағат 10:16-да 112 пультіне күйеуі тауға шығып, аяғынан қатты жарақат алғаны туралы әйелінен хабарлама келіп түсті.

Ер адамға тезірек көмек көрсету үшін құтқарушылардың бірінші тобы автокөлікпен шықты. Барлық бағытты  көлікпен жүру мүмкіндігі болмады. Қалған жолды құтқарушылар жаяу жүріп өтті.

Құтқарушылар жарақат алған ер адамды тапты. Ол Қарағанды қаласының 37 жастағы тұрғыны болып шықты. Жарақат алған адам теңіз деңгейінен 150 м биіктікте болды.

Эвакуация ер адам аяғын сындырып алуына байланысты қиынға соқты. Зардап шегушіге алғашқы көмек көрсеткен Қарағанды облысының ТЖД қызметкерлері зембілмен оны таудан түсірді. Содан кейін Қарқаралы аудандық ауруханасына жеткізілді.

 

 

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі