
ШҚО ТЖД құтқарушылары 2022 жылғы 19 шілдеде көмекке асығып, өзеннен батып бара жатқан баланы шығарып алған ҚР Ұлттық ұланының әскери қызметшісі Тілек Құмарбековты марапаттады. Қатты судың ағысына қарсы тұрып, Тілектің өзі мерт бола жаздады. Ол құтқару кезінде өзі суға тұншыға бастады. Бақытымызға орай, бәрі сәтті аяқталды.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен ержүрек ефрейторға ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалін салтанатты түрде табыс етті.
«Өз өмірін қатерге тігіп, шұғыл жағдайда балаға көмекке келу-нағыз ерлік. Тілек өз өмірін қатерге тікенін біледі. Ұлттық ұланның жауынгерлері әрқашан батылдық танытумен ерекшеленеді, - деп ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов атап өтті.
Шығыс Қазақстан облысы ТЖД баспасөз қызметі