
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспекторлары 2022 жылдың екенші жартыжылдығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ерекше тәртіп бойынша тексерулер жүргізу кестесіне сәйкес «Транскөмір» ЖШС-ның қауіпті өндірістік объектілері мен қауіпті техникалық құрылғыларына тексеру жүргізді.
Компанияның негізгі қызметі ашық әдіспен көмір өндіру болып табылады.
Тексеру барысында 9 объекті (автомобиль жолдары, таужыныстық үйінді және басқалар) тексерілді. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 16 бұзушылығы анықталды. Мемлекеттік инспекторлар анықталған бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берді және «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 298-бабы 1-бөлігі бойынша айыппұл түрінде әкімшілік жаза салды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының негізгі бұзушылықтары:
- әрбір кенжарға арналған паспорттарда кенжарлардың биіктік белгілері, жұмыс алаңдарының, бермалардың өлшемдері, еңіс бұрыштары, кемер биіктігі, құлау призмалары көрсетілмеген;
- автомобиль жолдарының ені кей жерлерде жобалық параметрлерге сәйкес келмеген;
- адамдардың еңістерде, олардың іргетастарына жақын және көлік құралдарын түсіру орындарында болу қаупі туралы ескерту жазбалары белгіленбеген;
- жыныс үйінділерінің түсіру алаңдарының сақтандырғыш қоршау білігі жобалық биіктікке сәйкес келмеуі, кей жерлерде болмауы;
- кеніш аумағы арқылы адамдардың жүріп-тұру маршруты болмауы және тағы басқалар.
Тексеру қорытындысы бойынша кәсіпорын өкілдерімен кеңес өткізілді, онда тексеру барысында анықталған бұзушылықтар қаралды, оларды жою мерзімдері талқыланды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының, оның ішінде «Тау-кен және геологиялық барлау жұмыстарын жүргізетін қауіпті өндірістік объектілер үшін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларының» талаптары түсіндірілді.
ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті