Шымкент қаласында 2022 жылғы 11-16 шілде аралығында өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының XII жазғы чемпионаты өтті. Чемпионатқа қатысуға облыстардың, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларының және Абылайхан атындағы Қызылорда колледжінің 17 командасы өтінім берді. Қажымұқан атындағы орталық стадионда 12 шілде күні жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өтті.
13-16 шілде аралығында оқу мұнарасының 2, 3 қабаттарының терезесіне шабуыл сатысымен көтерілу, 100 метрлік кедергілері бар жолақтан өту, 4х100 өрт эстафетасы және жауынгерлік қанат жаю сияқты пәндер бойынша жарыстар өтті. Жарыстың әр түрінен өз жеңімпаздары анықталды. Жарыс 40 градус ыстықта өтсе де, жас спортшылар нағыз өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жауынгерлік қасиеттерін көрсетті.
Соңғы екі күндегі жарыс қызу өтті. Іс-әрекеттің үйлесімділігі мен командалық рух өз нәтижелерін берді.
Кедергілері бар 4х100 өрт эстафетасы бойынша жалпы командалық есепте үшінші орынды Шығыс Қазақстан облысының командасы, екінші орынды Атырау облысының командасы, бірінші орынды Батыс Қазақстан облысының командасы алды.
Балалар өздерінің барлық шеберліктерін жауынгерлік қанат жаюда көрсетті. Нәтижесінде үшінші орынды Маңғыстау облысының, екінші орынды Шығыс Қазақстан облысының, бірінші орынды Батыс Қазақстан облысының командалары ие болды.
Жеңімпаздарды марапаттаудың салтанатты рәсімі 16 шілде күні Жастар ресурстық орталығының сарайында өтті. Барлық жеңімпаздарға дипломдар, грамоталар, кубоктар және естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ең үздік жас спортшылар республикалық құрама командасына еніп, Беларусь Республикасының Брест қаласында өтетін жасөспірімдер арасындағы өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша әлем чемпионатына алғаш рет қатысады.
Шымкент қаласы ТЖД қоғаммен байланыс тобы