Марапаттау күні

Марапаттау күні

Ағымдағы жылдың 18 шілдесінде Қостанай облысы ТЖД бастығы полковник Б.Кәрімов Қостанай ауыл шаруашылығы колледжінің «Барлаушы» әскери-патриоттық клубының қатысушыларына алғыс хаттарды табыс етті. Олардың арасында - Еркебай Зарина Серікқызы, Еркебай Карина Серікқызы, Мистюкевич Владислав, сондай-ақ «Барлаушы» ӘПК басшысы Қ.Жұмағұлов бар.

Полковник Б.Кәрімов марапатталғандарға Ақмола облысында М. Ғабдуллин Азаматтық қорғау академиясының базасында өткен 3-ші «Жас құтқарушы» республикалық слетіне белсенді қатысқаны және жоғары спорттық нәтижелері үшін алғыс білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылғы 27 маусым мен 1 шілде аралығында еліміздің барлық облыстарынан 17 команда, ал олардың құрамында 200-ден астам қатысушы бірнеше күн бойы Ақмола облысында «Жас құтқарушы» республикалық 3-ші слетінде бақ сынасты. Жарыс қорытындысы бойынша «Барлаушы» командасы қатысқан Қостанай облысы жалпыкомандалық есепте төртінші орынды иеленді.

Жарысқа қатысушылар жеті кезеңнен өтті: «Визит карточкасы», «Өрт эстафетасы», «Су акваториясындағы құтқару жұмыстары», «Қабырға газеті», «Алғашқы көмек көрсету», «Техногендік апат аймағындағы авариялық-құтқару жұмыстары», «Іздестіру-құтқару жұмыстары».

Бұл үлкен спорттық мерекенің мақсаты өскелең ұрпақ арасында салауатты және қауіпсіз өмір салтын насихаттау, жеке және ұжымдық қауіпсіздік мәселелеріне жауапкершілікпен қарауды қалыптастыру, балаларды төтенше жағдайлар туындаған кезде дұрыс іс-қимылдарға үйрету болып табылады.

Қостанай облысы ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы