
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Руслан Қасымбаев Алматы қаласы ТЖД табиғи өрт ошақтарын ерте анықтау үшін бейнекамераларды пайдалануды жоспарлап отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, мұндай цифрлық инновация өртті екі көрсеткіш: түтін және жоғары температура бойынша ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.
Р.Қасыбаев цифрландырудың әлемдік тәжірибесін ескере отырып, Алматы ТЖД да бұл пилоттық жобаны жүзеге асырғысы келетінін айтты.
«Біз табиғи парк аумағында смарт-камера деп аталатын оптикалық сенсорлық және тепловизор қондырғыларын енгізу мәселесін пысықтап жатырмыз. Температура камералары арқылы бейнебақылау жаяу және әуе патрульдеріне қарағанда тиімді және арзан болып саналады», - деді спикер.
«Қазавиаорманқорғау» Алматы құтқарушыларына өртті тез арада жоюға көмектеседі. Ыстық кезеңде күн сайын таулы-орманды аймақтың үстінен ұшу жүзеге асырылады. Патрульдеу кезінде дауыс зорайтып сөйлеу құрылғысы мен тепловизоры бар дрон қолданылады.
«Дрон өрт шыққан жерлерді анықтауға және оған ТЖД мобильді топтарын жіберуге мүмкіндік береді. Осындай сын-қатерлердің барлығы жоғары қауіптілік дәрежесіне ие», - деп қосты полковник.
Қазіргі уақытта ТЖД-да өрттерді сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге шұғыл ден қоюдың жиынтық жасағы өрістетілді, Алматы қаласы әкімдігінің Құтқару қызметінің, Қазавиаорманқорғау РМҚК , ҚР ТЖМ Казавиаспас АҚ авиабөлімшелері жауынгерлік әзірлікте тұр.
Алматы қ. ТЖМ баспасөз қызметі