
ТЖ департаменті алдын ала қолда бар жоғары өтімді техниканы облыстың ең қар басылатын аудандарына бағыттады, бұл қыс мезгіліндегі ықтимал төтенше жағдайлардың алдын алуға және жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Өткен тәулікте қар құрсауынан 111 адам құтқарылды, оның ішінде 2 бала. 28 бірлік автокөлік шығарылды.
Құтқару жұмыстары Қарағанды, Теміртау, Бұқар жырау, Абай, Осакаров және Ұлытау аудандарында жүргізілді.
Бұқар Жырау ауданында 23 қаңтарда таңертең «Құрылыс-Үштөбе» автожолының 12 шақырымында қар құрсауынан 20 жеңіл автокөлік шығарылды, онда 40 адам болған.
«Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» автожолының 43 шақырымында қар құрсауында тұрып қалған үш автокөліктен 5 адам құтқарылды және Ботақара кентіне жеткізілді.
24 қаңтарда сағат 02:15-те «Алматы-Екатеринбург» тас жолының 1046 шақырымында қар құрсауында тоқтап қалған 7 жеңіл автокөліктен 13 адам құтқарылды, олар Қарағанды қаласына жеткізілді.
Қарағанды қаласы Шахтерский ықшамауданында құтқарушылар қар құрсауынан 5 автокөлік алып шықты.
Құтқарушылар екі рет жаяу жүріп бара жатқан адамдарды құтқарды. Абай ауданында «Қарағанды-Шахтинск-Қойбас» автожолының 7 шақырымында Сарепта ауылына жаяу бара жатқан екі адамды құтқарушылар жол бойындағы кемпингке дейін жеткізді. Екінші жағдайда құтқарушылар «Ақтау кенті-Теміртау қаласы» автожолының 14 шақырымынан Теміртау қаласына жаяу бара жатқан екі ер адамды жеткізді.
Ауа райы медициналық қызметтердің жұмысына да әсер етті. Жедел жәрдем бригадалары жол жүру қиындығына байланысты көмекке шақырған адамдардың мекен-жайларына жете алмады. Жедел ауруханаға жатқызуды қажет ететін жеті адамды құтқарушылар ауруханаға жеткізді. Жұмыстар Қарағанды қаласы және Ғ. Мұстафин кентінде жүргізілді.
Сонымен қатар, Абай қаласында құтқарушылар жедел жәрдем көлігін де қар құрсауынан шығарды.
Бүгін түнде сағат 02:30-да шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет ететін әйелді Осакаров ауданы Батпақты ауылынан Осакаровка ауылының орталық ауруханасына құтқарушылар жеткізді.
Қарағанды облысы ТЖД ауа-райының нашарлауына байланысты алыс жолға шықпауға және қашыққа жаяу жүрмеуді ұсынады.
Қарағаныды облысы ТЖД баспасөз қызметі