
Кеше, 23 қаңтарда қолайсыз ауа-райына байланысты (қар, боран, көру мүмкіншілігінің шектелуі) елімізідң сегіз аумағында автокөліктердің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды немесе шектетілді.
Нұр-Сұлтанның қала жанындағы кенттерінде қозғалыс мүлдем тоқтатылды. Барлық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс жасады. Астаналық құтқарушылар адамдарды қар құрсауынан құтқарды.
Сағат 17.57 мин. Апаттар медицинасы орталығы Нұр-Сұлтан қ. бойынша филиалының диспетчерлік пунктіне Ақмола облысы Целиноград ауданы Қараөткел аулының жүкті тұрғынының толғағы келіп, оны босандыру бөліміне тез арада жеткізу керек екені туралы хабар келіп түсті. Күртік қар және шыға алмау салдарынан әйелді ауруханаға жеткізу мүмкін болмады.
Бригада барлық жерде жүре алатын ТРЭКОЛ санитарлық автокөлігімен жолы бұғатталған ауылға кіріп, әйелге медициналық көмек көрсетіліп, қалалық перинаталдық орталыққа жеткізілді.
10 минуттан кейін Ақмола облысы Целиноград ауданы Қызылсуат ауылының тұрғыны жүкті әйелді ауруханаға жеткізу керек екені туралы хабар келіп түсті.
Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері жылдам әрекет етіп көмекке шықты. Алайда, дәрігерлер санитарлық автокөлікпен жүргенде біраз қиындықтарға тап болды. Көлік ары қарай жүре алмай қалғанда, дәрігерлер жаяу барды. Мекен-жай бойынша жетіп, әйелді қарап тексергеннен кейін, дәрігер оны тез арада ауруханаға тасымалдау туралы шешім қабылдады.
Аяғы ауыр әйелді тек бірнеше сағаттан кейін ғана босандыру бөліміне жеткізу, перинаталдық орталығының дәрігерлеріне тапсыру мүмкін болды.
Жүкті әйелдердің біреуі босанды. Бала сағат 05.20 мин. туды, ұл бала екен. Бала шұғыл жағдайда туса да, сау 3 келіден аса туылған. Баласы мен мамасы қазірде дін аман.
ҚР ІІМ ТЖК «Апаттар медицинасы орталығы» ММ