Жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдады

Жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдады

 2022 жылғы 25 маусымда 52859 әскери бөлімінің саптық алаңында биыл мамыр айында еліміздің Шығыс Қазақстан, Түркістан және Павлодар облыстарынан Отан алдындағы қасиетті борышын өтеуге келген 92 жас сарбаздар салтанатты түрде ант қабылдады.

Жеке құрамды құттықтау үшін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы полковник Сыздыков Бауыржан Мадиевич, әскери бөлімнің сарбаздар аналары кеңесінің төрайымы –Қазақстан халық ассамблеясының мүшесі Фатеева Мария Дмитриевна, «Қарағандының Чернобыль мүгедектері» қоғамдық бірлестігі кеңесінің төрағасы, Чернобыль апатының ардагері Ким Олег Леонидович,ардагерлер кеңесінің төрағасы запастағы подполковник Бабаев Шамиль Шамси-Оглы келді.

Салтанатты іс-шара басында сөз алған 52859 әскери бөлімінің командирі полковник Билялов Бауржан Ербулатович: «Жас сарбаздар, сіздер бүгін ел алдында әскери ант қабылдап, Отан қорғаушысының қатарына қосылғалы тұрсыздар. Осы уақыттан бастап сіздерге жүктелген міндет те зор болмақ. Әскери өмір қаншалықты қиын болғанымен, жарғымен белгіленген талаптарды орындау – парыз және қасиетті міндет. Сіздердің міндеттеріңіз – өздеріңізге жүктелген тапсырмаларды жауапкершілікпен орындау және бүгінгі қабылдаған анттарыңызға адал болу», деп жас сарбаздарға жылы лебіздерін жаудырды.

Азаматтық қорғаныс комитетінің төрағасы полковник Сыздыков Бауыржан Мадиевич өз сөзінде : «Сіздерді Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің басшылығы атынан әскери ант қабылдау рәсімімен құттықтаймын! «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа - үлгі» бабаларымыздың әрбір жүріп өткен жолы – біз үшін үлгі, шежіре, тағдыр – тарих. «Ел ерімен еңселі», «Елім» деп еңіреп туған ерлердің есімі еш уақытта елеусіз қалмайтыны ақиқат. Осындай атаққа жетіп, ел тарихында аттарың қалатын қазақтың батыр ұлдары болуларыңа тілектеспін», деп жас сарбаздарға жалынды сөздерін арнап, жігерлерін жаныды.

Ант қабылдау рәсімінен кейін қонақтардың назарына офицерлер мен келісім-шарт бойынша әскери қызметшілер альпинисттік құралдарды, сонымен қатар іздеу итін қолдану арқылы ғимараттың жоғары қабатында құтқару жұмыстары кезіндегі жүргізілетін әдістерді, ал жас сарбаздар қарумен саптық дайындықтан тәсілдер көрсетті.

 

 

ҚР ТЖМ 52859 әскери бөлімі