2022 жылғы 23 маусымда сағат 20.00-де Қордай ауданы, Үлкен Сұлутөр ауылында нөсер жаңбыр түріндегі жауын-шашынның салдарынан Ырғайты өзенінің бойында сел тасқыны болып, ауылдың жолдарын су басты. Сондай-ақ су ағынының салдарынан жеке тұрғын үйлердің 2 шаруашылық құрылысы қирады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Алдын ала мәлімет бойынша мал шығыны бар. Жергілікті атқарушы органның комиссиясы келген залал мөлшерін анықтауда.
Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінен 8 қызметкер 2 бірлік техника, жергілікті атқару органдарынан 5 қызметкер және 2 бірлік техника барды.
Сонымен қатар, сағат 23:25-те Қордай ауданы, Шарбақты ауылынан 4 шақырым жерде Ырғайты өзені нөсер жауын-шашынның салдарынан су деңгейі көтеріліп кеткен. Оның жағасында 11 адам демалып жатқан болатын. Су көтерілуінің салдарынан 6 адам дөңес жердегі аралда көлік ішінде қалып қойған. Сондай-ақ екпінді ағыс демалушылардың екінші көлігін шайып кеткен. 24 маусымда сағат 01:15-те ТЖД құтқарушылары аралда қалған барлық адамдар құтқарды. Оларға медициналық көмек қажет болмады. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі