Құтқарушылар далада адасқан жасөспірімді тапты

Құтқарушылар далада адасқан жасөспірімді тапты

16 маусымда сағат 19.02-де 112 пультіне 2012 жылы туған жасөспірімнің жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Ол Владимировка ауылынан 10 шақырым жерде Қостанай ауданының аумағында дала лагерінде тұрады.

Сол күні сағат 11:30 шамасында ересектердің қарауынсыз қалған бала белгісіз бағытқа кетті. Туыстары іздеу салып, көмекке жүгінді. Құтқарушылар, полиция қызметкерлері және еріктілер дереу көмекке келді.

Оқиға орнына келген ТЖД құтқарушылар тобы бастапқыда қайықпен Тобыл өзенінің арнасын тексерді. Бірақ су қоймасының түбі терең емес екеніне көз жеткізіп, іздеу жұмыстарын далада жалғастыру қажет деп шешті.

Түнгі уақытта іздеу жұмыстары нәтиже бермеді. Жоғалған адамды ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері таңертең сағат 08:15-те, бірнеше шақырым жерден тапты. Қыратқа көтеріліп, құтқарушылар алыстан айдалада жаяу жүрген  адамды көрді. Бағыт-бағдарды жоғалтқан бала әлсін-әлсін тоқтап, әртүрлі бағытта жүрген болатын.

Далада түнеген бала тоңып қалған екен, бірақ медициналық көмекке мұқтаж емес еді.

Іздестіру жұмыстарына ТЖД (33 қызметкер және 4 бірлік техника), ПД (130 қызметкер және 17 бірлік техника), еріктілер (56 адам және 13 бірлік техника) күштері мен құралдары жұмылдырылды.

 

 

Қостанай облысының ТЖД