
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі «Сейсмология институты» ЖШС-мен бірлесіп Алматы қаласында Төтенше жағдайлар және дүлей зілзалалардың тәуекелдерін төмендету орталығының базасында «Сейсмикалық қауіпті бағалаудың және жер сілкіністерін болжаудың қазіргі заманғы әдістері» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізіп отыр, оған отандық және АҚШ, Жапония, Қытай, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан келген шетелдік ғалымдар қатысуда.
Конференция жұмысы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар
вице-министрі, техника ғылымдарының докторы М.Қ. Пішембаевтың сөзінен басталды, сондай-ақ осындай деңгейдегі іс-шараларды өткізу қажеттілігінің мәнін ашатын бірнеше пленарлық баяндамалар ұсынылды.
Конференция 18 маусымға дейін жалғасады және сейсмология және жойқын жер сілкінісі туралы ерте хабарлау саласындағы проблемалық мәселелер бойынша 60-қа жуық баяндамалар мен ғылыми мақалаларды ұсыну жоспарлануда.
Конференцияның негізгі мақсаты ғалымдарға, мамандарға, ұйымдар мен төтенше жағдайлар жедел ведомстволарына байланыс орнатуға, тәжірибе, ғылыми-техникалық және коммерциялық ақпараттар алмасуға, сондай-ақ, ғалымдар арасындағы ғылыми байланысты кеңейтуге және нығайтуға көмектесу болып табылады.
Конференция жұмысы үш секциялық бағытта өтеді, олар (1) сейсмикалық қауіпті бағалаудың жаңа әдістері, (2) сейсмикалық деректерді жинау, өңдеу, талдау және жер сілкінісін болжау, (3) ғимараттар мен құрылыстардың беріктілігін бағалау (паспорттау) және нысандарды сейсмикалық жағынан күшейту.
Үшінші күні сейсмикалық станция «Медеу» обсерваториясына және Алматы қаласының көрікті жерлеріне бару жоспарланған.
ҚР ТЖМ Сейсмология институтының баспасөз қызметі