2022 жылғы 16-18 маусым аралығында Алматы қаласы Төтенше жағдайлар және апаттар қаупін азайту орталығының базасында (Әл-Фараби даңғылы, 75А, Сейсмология институты, 2 қабат) «Сейсмикалық қауіпті бағалау және жер сілкінісін болжаудың заманауи әдістері» атты халықаралық конференция өтеді.
Іс-шараға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министрі М.Қ. Пішембаев, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Жапония ғалымдары, сондай-ақ, ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының, «Казселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің, Төтенше жағдайлар және апаттар қаупін азайту орталығының, География және су қауіпсіздігі институтының, Қ.С.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық ғылыми-зерттеу техникалық университетінің, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, Орталық Азия аймақтық гляциологиялық орталығының, Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының, «Қазгидромет» РМК және басқа да мүдделі ұйымдардың ғылыми қызметкерлері қатысады.
Конференцияның негізгі мақсаты ғалымдарға, мамандарға, ұйымдар мен төтенше жағдайлар жедел ведомстволарына байланыс орнатуға, тәжірибе, ғылыми-техникалық және коммерциялық ақпараттар алмасуға, сондай-ақ, ғалымдар арасындағы ғылыми байланысты кеңейтуге және нығайтуға көмектесу болып табылады.
Конференция жұмысы үш секциялық бағытта өтеді, олар (1) сейсмикалық қауіпті бағалаудың жаңа әдістері, (2) сейсмикалық деректерді жинау, өңдеу, талдау және жер сілкінісін болжау, (3) ғимараттар мен құрылыстардың беріктілігін бағалау (паспорттау) және нысандарды сейсмикалық жағынан күшейту.
Аккредиттеу туралы сұрақтар бойынша
Қазақстан Республикасы ТЖМ
Сейсмология институтының баспасөз қызметіне
+7 747 315 4008 телефоны, сондай-ақ seismo_workshopkz2022@mail.ru
электрондық поштасына хабарласыңыз