ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінде аттестация өтті

ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімінде аттестация өтті

2022 жылғы 27-31 мамыр аралығында  ҚР ТЖМ әскери бөлімінің офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері аттестациядан өтті.

Аттестацияның алғашқы күні әскери қызметшілер ҚР Конституциясы, Қазақстан Республикасының «Азаматтық қорғаныс, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және Қарулы Күштердегі Әскери қызмет пен әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңдар, сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің Этикалық Кодексі және логикалық ойлау жүйесінің негізін құрайтын тестілеуден өтті. Екінші күні олар денешынықтыру дайындығы бойынша 1 шақырымға және 100 метрге жүгіруден, кешенді күштік жаттығулар мен белтемірге тартылудан нормативтер тапсырды. Аталған аттестациялық тексеріске барлық бөлімнің барлық әскери қызметшілері толығымен қатысты. Олар жоғарыда аталған сынақтарды тапсырудан бөлек, аттестацияға қатысу үшін алдымен психологиялық тестілеуден өткенін де ескертіп өтейік.

Сонымен қатар аттестация барысында шартты түрдегі төтенше жағдай орнына шығумен әскери бөлім жеке құрамының жауынгерлік әзірлігі тексерілді. Тексеріс барысында жеке құрам төтенше жағдай кезінде зардап шеккен адамдарға және елді-мекенге қажетті көмек көрсету бойынша өздерінің біліктілігін көрсетті (зардап шеккен адамдарға лагерь қойды, қираған үйінділердің астында қалған зардап шегушілерді іздестіру иттерінің көмегімен тауып, оларға алғашқы көмек көрсету шаралары ұйымдастырылды).

Бұндай аттестациялық тексерістер ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің қатарында қызмет ететін әрбір офицерлер мен келісімшарт әскери қызметшілерінің кәсіптік, іскерлік және жеке қасиеттерімен қоса, олардың білімдері мен біліктіліктерін, дене даярлығы мен басқа да іскери қабілеттерін, сонымен қатар олардың атқарып отырған лауазымдарына сәйкестігін тексеру мақсатында 3 жылда бір рет өткізіліп тұрады.

Бұнымен қоса аттестация алдағы уақытта әскери қызметшілердің кәсіби міндеттерін атқару бойынша жаңа лауазымдарда өздерін сынауға және қызмет сатысы бойынша өсулеріне мүмкіндік туғызады.

 

ҚР ТЖМ 28237 әскери бөлімі