
27 мамыр күні «Жас Қанат» спорт кешенінде Өрт сөндіру-құтқару спорты турнирінің қорытынды жарыс күні басталды. Спортшылар «Жауынгерлік қанат жаю» кезеңінде сайысқа түседі.
Осы тартымды да тартысты күрес өрт сөндіру-құтқару спортының ең күрделі жаттығуларының бірі болып табылады әрі көрерменді де, жанкүйерді де бей-жай қалдырмайды. Командалар өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жауынгерлік жұмысының бір элементін уақытқа орындап шығады. Старт берілгеннен кейін команда қатысушылары мотопомпа мен өрт-техникалық жарақ орналасқан қалқан-алаңына жүгіріп келеді. Өзара бірлесіп магистральды желіні мотопомпамен, тармақпен біріктіріп, әрбірінде бір түтікқұбыры бар екі жұмыс желісін жаяды. Оқпаншылар позицияға тұрады, осы мезетте сорғыш түтікқұбыр су алу торы мен мотопомпаға қосылады. Одан әрі жабдық іске қосылып, резервуардан су алынады. Түтікқұбыр бойымен берілген су екі нысананы көздейді. Екі нысанада да жарықшамдар жанғанда ғана жаттығу орындалған болып есептеледі, бұл олардың суға толғанының белгісі. Өрт сөндіру эстафетасы сияқты бұл спорт түрі де командалық түрге жатады, әр қатысушы өз міндетін жетік біліп, оны неғұрлым тез әрі дұрыс орындауы тиіс. Спортшылардың үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде ғана жеңіс бұйырмақ! Жарыстың шынайы өмірден ерекшелігі – оқиғалар шартты әрі зардап шегушілер қарастырылмаған.
Қорытынды күні спортшылар жарыстың соңғы кезеңі – өрт сөндіру мотопомпасынан жауынгерлік қанат жаюды бағындырды. Командалар ең үздік уақыт көрсету үшін бар күш-жігерін, білімі мен білігін сарп етті.
Ерлер командасы арасында Батыс Қазақстан облысы үшінші орын, Нұр-Сұлтан қаласының командасы екінші орын, Қызылорда облысының командасы бас жүлдені иеленді. Әйелдер командасы арасында нәтижесімен үшінші орын иегері – Алматы қаласының командасы, екінші орынды Батыс Қазақстан облысының командасы қанжығасына байлады, бірінші орында – Нұр-Сұлтан қаласының командасы.
Сонымен қатар ерлер мен әйелдер арасындағы үш күндік Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша кубок турнирі қорытындыланды.
Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша Қазақстан Республикасының кубогіне арналған турнирде ерлер арасындағы жалпыкомандалық есепте Қызылорда облысының командасы қола жүлдегер, Шығыс Қазақстан облысының командасы күміс, Нұр-Сұлтан қаласының спортшылары алтын медаль иегері атанды. Әйелдер арасындағы жалпыкомандалық есепте Алматы қаласының командасы үшінші орын, Түркістан облысының командасы екінші орын, Нұр-Сұлтан қаласының командасы бірінші орынды иеленді.
Маңғыстау облысы ТЖД
Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің
Қоғаммен байланыс тобы