
Жарыс қатысушылар бүгін өрт сөндіру мұнарасын бағындырды. Қас-қағым сәтте қыздар оқу мұнарасының 2-ші қабатына, жігіттер – 4-ші қабатына көтерілуі тиіс еді. Бұл спорт түріндегі шебердің ең оңтайлы уақыты – 14,5 секунд! Адам өмірін ажалдан арашалауда әр сәттің қымбат екені – ақиқат! Құтқарушылар үшін – бұл кәсіби дағдылары мен дене шымырлығы мүмкіндіктерін шыңдау болып табылады. Олар биіктікте жұмыс істеуге үйренеді, рекациясын дамытады, жылдамдығы мен шыдамдылығын жетілдіреді. Өрт сөндіру спортының ең қауіпті түрі – оқу мұнарасының 4-ші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу. «Старт» сигналынан соң спортшы қолындағы шабуыл сатысымен оқу мұнарасына дейін 32 метр жүгірген бойы оның әр қабатының ойығына сатыны бекіту арқылы көтеріліп, 4-қабаттың байланыс пластинасына аяғын тіреумен мәрені бағындырады. Спорттың бұл түрінде секундтың әр жүздік үлесінің өзі маңызды. Шабуыл сатысының ұзындығы – 4 метр, салмағы – 10 килограмға жуық, шетіне берік бекітілуін қамтамасыз ететін ілмек орнатылған. Бұл ілмек – тістері өткір емес араға ұқсатып жасалған күрделі құрылым. Осы арқылы сатыны кез-келген жерге берік бекіту мүмкіндігі қамтамасыз етіледі.
Турнир Ақтау қаласы № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі оқу мұнарасының базасында өтуде. Өрт сөндіру-құтқару спорты бойынша ҚР кубогі турнирінің бас төрешісі Дәурен Данаев: - Барлық өлкелер бұл бәйгеге үздік саңлақтарын қосып отыр. Мәселен, бұл турнирде әйелдер командасы рекорд жаңартты. Ақмола облысынан келген спортшы Анастасия Хорошева шабуыл сатысымен небәрі 7,38 секундта көтерілді.
Жеңіске деген қарымды тартыста әйелдер арасында Оксана Дзолба (Алматы қ.) жеңімпаз атанды, екінші орынды Аделя Әліхан (Шымкент қ.) жеңіп алса, Айрина Альмуханова (Нұр-Сұлтан қ.) үшінші орынға табан тіреді. Ерлер арасында алтын Нұралы Мағауға (Атырау обл.) бұйырды, күміс – Дмитрий Агафоновта (Батыс Қазақстан обл.), Жасұлан Қайсарбеков (Атырау обл.) – қола жүлдегер.
Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті
Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің
Қоғаммен байланыс тобы