2022 жылғы 19 мамыр күні Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты «ҚазГерМұнай» ЖШС БК мұнай-газ өндіру компаниясына тиесілі "Ақшабұлақ" кен орнында мұнай-газ ұңғымаларындағы өрттерді сөндіру тақырыбында өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді.
Тактикалық ойға құрылған оқу-жаттығу бойынша мұнай ұңғымаларына техникалық қызмет көрсету жұмыстары кезінде №400 ұңғыма арматурасының зақымдалуы салдарынан ұңғымадан мұнай атқылауы орын алып, өрт тұтану қауіпі туындайды.
Ақшабұлақ кен орнының операторы орын алған жағдай бойынша мұнай-газ өндіру бөліміне, орталық инженерлік-техникалық қызметіне және «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС мемлекеттік емес өртке қарсы қызметіне хабарлап, орын алған апатты жою бойынша тиісті шаралар қабылданды.
«Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС мемлекеттік емес өртке қарсы қызметіне, орталық инженерлік техникалық қызметіне, «Ақберен» КӘАҚҚ ЖШС Республикалық орталық штабына және мемлекеттік өртке қарсы қызметіне хабарлама берілді. Дабыл бойынша Өрт сөндіру қызметінің кезекші диспетчері оқиға орнына өзара іс-қимыл жоспарына сәйкес күштер мен құралдарды жөнелтті.
Орын алған ақауды қалпына келтіру кезінде металл конструкцияларының соқтығысуы салдарынан ұшқын пайда болып, атқыламаның тұтануы орын алып, ашық жалынға ұласты.
Дәл осы кезде оқиға орнында Өрт сөндіру қызметінің орынбасары азаматтық қорғау полковнигі Әбділдә Баекеевтің басшылығымен «апатты жою штабы» құрылды.
Содан соң «Ақберен» қызметкерлерінен құрылған газометриялық звеносы газды аймақты анықтады. Ұңғыманың сағасын тексеру кезінде құтқарушылардың бірі есінен танып, газдалған аймақта құлағандығы анықталды. Зардап шегушіні газометриялық звено қауіпсіз жерге шығарып, дәрігерге дейінгі алғашқы көмек көрсетіп, жедел-жәрдем арқылы Қызылорда қаласындағы медициналық орталығына жіберілді.
Сонымен қатар ұңғыма аймағын салқындату, жылу шығарудың қарқынын төмендету үшін «Қазгермұнай» компаниясынан келген 30 м3 су тасығыш автокөлігі арқылы сумен қамтылып, жұмылдырылған барлық өрт сөндіру техникаларынан ұңғыма арматурасын салқындату үшін су берілді.
Дайындыққа келтірілген күштер мен құралдардың біріккен әрі кәсіби біліктілігінің арқасында және көбікті шабуылдан соң өрт толығымен сөндірілді.
Оқу-жаттығу аяқталған соң Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы полковник Руслан Қайрақбаев барлық қатысушы күштер мен құралдарға алғыс білдіріп, жоғары дәрежеде өткенін, мұндай қауіпті, ірі өрттің болмауы үшін қауіпсіздікті қатаң сақтау қажеттілігін айтты.
Осы оқу-жаттығуға қатыстырылғандар: «Семсер-Өрт сөндіруші» ЖШС-нен 4 бірлік техникасымен 20 қызметкер; «Кристалменеджмент» ГТЭС АҚ «Тұлпар и Компаниясынан» 1 бірлік техникасымен 5 қызметкер; «Ақберен» 3 бірлік техникасымен 9 қызметкер; Қызылорда облысы ТЖД-нен 8 бірлік техникасымен 35 қызметкер; «Казгермұнай» БК ЖШС инженерлік құрамынан 28 бірлік техникасымен 30 қызметкер.
Осылайша оқу-жаттығуға барлығы 44 бірлік техникасымен 97 қызметкер қатыстырылды. Шартты түрде орын алған апат толығымен жойылды.
Қызылорда облысы ТЖД
«Өрт сөндіру және авариялық-құтқару
жұмыстары қызметі» ММ