
2022 жылғы 22 мамырда сағат 22:10-да Түркістан облысы ТЖД 112 пультіне "Алтын-Дан" демалыс аймағынан Сусінген көлі бағытына кеткен туристердің жоғалғаны туралы хабарлама келіп түсті.
Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД 17 құтқарушысы және 2 бірлік техникасы, кинологиялық бөлімнің 1 қызметкері, Полиция департаментінің 4 қызметкері, Ұлттық парктің 5 қызметкері жұмылдырылды.
Туристтер соңғы рет 2022 жылдың 22 мамырында сағат 19.30-да байланысқа шыққан болатын.
23 мамыр күні таңғы сағат 06.35-те құтқарушылар Наутсай шатқалынан 10 шақырым жерде Құлыншақты таулы ауданында жоғалып кеткен төрт адамды тауып, таулы жерден төмен түсірген. Жоғалғандардың айтуынша, олар тұманда адасып кеткен. Құтқарылғандарға медициналық көмек қажет болмады.
Түркістан облысының Төтенше жағдайлар департаменті тауға шықпас бұрын сол аймақтың ауа-райымен міндетті түрде танысуғаи кеңес береді. Дауыл туралы ескертулерге құлақ асыңыз. Жақындарыңызға жоспарланған тау бағыты мен қалаға қайту уақыты туралы хабарлаңыз. Бейтаныс жолмен жолды қысқартпаңыз. Сонымен қатар, сізде зарядталған телефон мен паурбанк болуы керек. Төтенше жағдайлар туындаған кезде 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.
Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі