Бүгін, 2022 жылдың 6 мамырындаТараз қаласының №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан жауынгерлерге арналған мемориалдың салтанатты түрде ашылу шарасы өтті.
2021 жылдың 26 тамызы – Жамбыл жұртшылығы ғана емес, барша халық қара жамылып, қайғы шеккен күн. Дәл осы күні Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы өртті сөндіру барысында орын алған жарылыс салдарынан, 10 өрт сөндіруші-құтқарушылар халықтың амандығы үшін өз өмірлерін құрбан етті. Сондай-ақ, облысымызда жоғарыдағы батырлардан өзге, бүгінгі күнге дейін өздерінің қызметтік міндеттерін орындау барысында, орны толмас қазаға ұшыраған қызметкерлердің де бар екендігі көпке белгілі.Олар Отан алдындағы Анттарына адал болды.
Дүрбелеңге түскен халықтың қорғанына айналып, есесіне өз өмірлерін құрбан еткен ерлеріміздің ерлік істерін кейінгі өскелең ұрпаққа жеткізу, болашақ ұрпақтың бойында патриоттық сезімдерін арттыру, жүректерде мәңгілік сақталуына теңіздің тамшысындай үлес қосу мақсатында Тараз қаласы №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аумағында Жамбыл облысы Азаматтық қорғау органдарының 14 қызметкерлерінің есімдері мемориалда жазылған.
Батырларға арналған мемориалдың салтанатты ашылу рәсіміне Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мамаев Талғат Шариұлы және қала әкімдігінің өкілдері, Жамбыл облысы ТЖД гарнизонының басшылығы мен жеке құрамы, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері, Жас құтқарушылар, қаза тапқан қызметкерлердің туыстары мен жақындары қатысты.
Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі