
2022 жылғы 27 сәуірде ҚР ТЖМ-де ТЖ министрі Ю.В. Ильиннің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысы өтті. Оған орталық мемлекеттік органдар басшылары, облыс әкімдерінің орынбасарлары, комиссия мүшелері, Төтенше жағдайлар министрлігінің орталық аппараты мен комитеттерінің басшы құрамы қатысты.
Отырыс бейнеконференцбайланыс режимінде өтті. Күн тәртібінде орталық және жергілікті атқарушы органдардың 2022 жылғы шомылу маусымын өткізуге дайындығы туралы; газбен жабдықтау жүйелері объектілерін, газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау бойынша қажетті шаралар қабылдау туралы; жазғы демалыс орындарында балалар мен жасөспірімдердің демалысын ұйымдастыру шеңберінде өрттерден және басқа да төтенше жағдайлардан қорғау дағдыларын қалыптастырудың практикалық курстарын жасау туралы; Атырау облысы Махамбет ауданы Тандай кентінің Лиман учаскесінде орналасқан № К-30J иесіз авариялық өздігінен төгілетін ұңғыманы жою туралы мәселелер талқыланды.
Отырыста қаралатын мәселелер бойынша ТЖ, Ішкі істер, Білім және ғылым, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Сауда және интеграция, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктерінің басшылары сөз сөйледі. Сондай-ақ күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Алматы, Түркістан, Шығыс Қазақстан және Атырау облыстары әкімдері орынбасарларының баяндамалары тыңдалды.
Отырыс қорытындысы бойынша ұсынымдармен хаттамалық шешім қабылданды.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі