Биыл Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы магистратура бағдарламасы бойынша алғашқы қабылдау жүргізеді. Үміткерлердің құжаттарын қабылдау 15 маусымда басталып, 19 шілдеге дейін жалғасады.
Магистратураға «Өрт қауіпсіздігі», «Төтенше жағдайларда қорғау», «Азаматтық қорғаныстың қорғаныс күштерінің командалық-тактикалық» мамандықтары бойынша жоғары оқу орнын тәмамдаған және азаматтық қорғау органдары қызметінде кемінде 1 жыл практикалық жұмыс өтілі бар үміткерлер қабылданады.
Магистратурада кадрларды даярлау екі бағытта жүзеге асырылады: ғылыми-педагогикалық бағыт – 2 жыл және бейінді – 1 жыл.
Үміткерлер шет тілі бойынша тестілеуді тұрғылықты жерінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының филиалында тапсырады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының магистратурасына түсу емтихандары 1-25 тамыз аралығында, қабылдау 28 тамызға дейін жүргізіледі. 2022-2023 оқу жылына 10 білім беру гранты бөлінген.
Қабылдау үшін үміткерлер Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшесі басшысының атына еркін түрде есеп береді.
Магистратураға түскен қызметкерлерді қаржылық қамтамасыз ету соңғы атқарған лауазымы бойынша жалақының 70% және атағы үшін төлемнің 100% құрайды. Магистранттарды тұрғын үймен қамтамасыз ету қарастырылмаған.
ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин
атындағы Азаматтық қорғау
академиясының баспасөз қызметі