
Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаменті балаларды жүзуді оқытуды жалғастыруда. Оқыту барысында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, сондай-ақ мұқтаж отбасылардан шыққан балаларға ерекше көңіл бөлінеді.
Оқыту жұмыс күндері «Оқушылар сарайы» МКҚК кәсіби дайындалған жаттықтырушыларымен жүргізіледі. Апта басында азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері «Жанұя» мамандандырылған кешенінің тәрбиеленушілері үшін жүзу бассейнінде оқыту ұйымдастырды.
«Балалар әлдеқайда тәртіпті болды, суда сенімді болуды үйренді. Біз мүмкіндігінше көп балаларды жүзуді үйретуге және осылайша судағы жазатайым оқиғалардың санын азайтуға ниеттіміз»,- деп Азаматтық қорғаныс басқармасының аға офицері Есбол Сұлтанов атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы қаласы ТЖ Департаменті күн сайын Алматы қаласының жалпы білім беретін мектептерінің 4 бассейнінде балаларды жүзуге үйрету бойынша профилактикалық жұмыс жүргізуде.
Жазғы демалыс аяқталғанға дейін 2000-ға жуық баланы, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарынан 400 баланы оқыту жоспарлануда.
Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі