Атырау облысында Қызылқоға ауданында Миялы ауылында су басудың алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы брифинг өтті

Атырау облысында Қызылқоға ауданында Миялы ауылында су басудың алдын алу бойынша жүргізілген жұмыстар туралы брифинг өтті

2022 жылғы 18 сәуірде Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қызылқоға ауданында елді мекенді су басудың алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы» брифинг өтті.

Спикерлер ретінде Атырау облысы әкімінің орынбасары Бекенов Қайрат Әскербекұлы, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Ержанов Аскат Амангелдіұлы сөз сөйледі.

Ағымдағы жылдың 12 сәуірінен бастап, Ақтөбе облысынан  Ойыл өзені бойымен судың мол келуіне орай, Қызылқоға ауданына қарасты Миялы ауылын су басу қауіпі орын алды.

13 сәуірде ауданда су тасқынына қарсы штаб құрылып, жергілікті әкімдік, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері және жергілікті тұрғындармен қорғаныс бөгеттерін көтеру (5,1 шақырым), құм салынған қаптар төсеу (5000 астам қап) жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Атырау қаласынан жеткізілген арнайы техникалар (ПНС-100 және АР-2) және мотопомпалармен суды (10650 текше метр) тас жолдың екінші бетіне айдау жұмыстары жүргізілді.

14 сәуірде Аудан әкімдігі, Төтенше жағдайлар департаменті және ауыл белсенділерімен бірге Ақтөбе облысы Ойыл өзенінің жоғарғы жағындағы су қорын қайықпен қарау жұмыстары жүргізілді.

Нәтижесінде келетін судың көп екендігі анықталып, Миялы ауылын су басудың алдын алу мақсатында Төтенше жағдайлардың алдын алу жөнінде жоспардан тыс комиссия отырысы өткізіліп, облыстық маңызы бар Миялы-Қарабау-Индер тас жолын жырып бұзу туралы шешім қабылданды. Қабылданған жедел шешім нәтижесінде су деңгейі төмендеді. Тас жолы бұзылғандықтан 6 ауылдық округтің аудан орталығымен байланысы амалсыз үзілді. Алайда оларға Индер ауданымен байланыс тұрақты, яғни өмір сүру, тыныс тіршілік жағдайлары тоқталған жоқ, азық-түлік жеткізу, медициналық көмекке жүгінуге мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, аудан орталығымен байланыс үшін тас жолдың үзілген жеріне моторлы қайық қойылып, жергілікті тұрғындарды тасымалданып  отыр (қазіргі уақытта 671 адам тасымалданды). Аудандық полиция бөлімінің күшімен қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстары жүргізілуде.

Бүгінгі күні Қызылқоға ауданы аумағына келген су көлемі 173 млн. астам текше метр. Тасқын судың қауіпін бағалау және алдын алу мақсатында Ақтөбе облысы әкімдігімен өзара байланыс орнатылып, мониторинг ұйымдастырылған. Биылғы жылғы тәжірибеге сәйкес «Ералы» су торабының су өткізу мүмкіндігін жоғарылату мақсатында қайта жаңғырту (реконструкция) жоспарланып отыр.

17 сәуір күні жағдайды бағалау мақсатында, облыс әкімімен Ойыл өзенінің Қызылқоға ауданынан Ақтобе облысы бойына қарау жүргізілді.

Қазіргі кезде су деңгейі 1,5 метрге  төмендеп жағдай толықтай  тұрақталды. Миялы ауылында тұрғын үйлерді су басу тіркелген жоқ.

 

         Атырау облысы ТЖД

         Қоғаммен байланыс тобы