Бірінші вице-министр Қостанай облысы ТЖД қызметімен танысты

Бірінші вице-министр Қостанай облысы ТЖД қызметімен танысты

Жұмыс сапарының екінші күні Ибрагим Күлшімбаев департаменттің дағдарыс жағдайлары басқармасының қызметімен танысты, сондай-ақ, облыстық су тасқынына қарсы штабқа барды.

Бұдан әрі бірінші вице-министрдің төрағалығымен 2022 жылдың бірінші тоқсанындағы қызмет қорытындылары бойынша жедел кеңес өтті. Ибрагим Күлшімбаев атап өткендей, Мемлекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігі мәселелеріне және құтқару бөлімшелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бөлінетін қаржы көлемін көтеруге ерекше көңіл бөледі. Бұл өрт сөндіру деполарының жаңа кешендерін, тас жолдағы медициналық-құтқару пункттерін пайдалануға беруге, жаңа техникамен және жабдықтармен жарақтандыруға, штаттарды кеңейтуге қатысты.

ТЖД бастығының орынбасары А.Н.Орымбаев өз сөзінде департаменттің бірінші тоқсандағы жедел-қызметтік жұмысының қорытындылары және алдағы кезеңге арналған басым міндеттері туралы баяндады.

Кездесу соңында Қостанай облысының ТЖД басшылығына жаңа өрт сөндіру деполарын құру бойынша жұмысты жандандыру, жеке құрам арасында заңдылықты қамтамасыз ету және қызметтік-әскери тәртіпті сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау, азаматтық қорғау іс-шараларын қамтамасыз ету бойынша жұмысты жетілдіру тапсырылды.

Кеңесті қорытындылай келе, бірінші вице-министр департаменттің қызметіне жалпы оң баға беріп, қостанайлық құтқарушылар елдің төтенше оқиғалардан қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасайтынына сенім білдірді.

Су тасқыны жағдайын бағалау үшін Ибрагим Күлшімбаев бастаған жұмыс тобы Қарасу ауданының Қарамырза ауылына барды. Бұл елді мекен су тасқыны жағдайы нашарлаған жағдайда су басуға  бейім. 2021 жылдың жазғы-күзгі кезеңінде мұнда Тюнтюгур өзенінің 2,5 шақырым арнасын кеңейту, түзету және тазарту жұмыстары жүргізілді. Тексеру Тюнтюгур өзеніндегі су деңгейі сыни деңгейден төмен екенін көрсетті. Елді мекенді су басу қаупі жоқ.

 

Қостанай облысының ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы