
Ақтөбе облысы ТЖД бастығы полковник Марғұлан Аманбаев облыс әкімі Оңдасын Оразалин және Ақтөбе қ. әкімі Асхат Шахаровпен су тасқыны қайта қаупі болуы мүмкін учаскелерді тексерді.
Айта кету керек, су тасқыны кезеңінде облыс аумағында су өткізу құрылыстарына келген су деңгейі жоғары болғандықтан 2 автожолда судың жол бетіне шығуы және 5 автожолдың шайылу фактісі орын алды.
Қазіргі уақытта 795 үй және 3082 адам тұратын 7 елді мекенге жол қатынасы болмай отыр. Атап айтқанда: Байғанин ауданында Миялы мен Оймауыт ауылдары, Қобда ауданында Өтек ауылы, Ойыл ауданында Ақшатау және Көптоғай ауылдары, Мұғалжар ауданында Бұлақты және Құмсай ауылдары.
Одан әрі, М.Аманбаев көшірілген тұрғындар орналасқан эвакуациялық пункттерге барып, олардың жағдайларымен танысты.
Су тасқыны кезеңі басталғаннан бері 113 саяжай үйін су басып, 259 адам эвакуацияланды, оның ішінде 114 бала.
3 сәуірден 4 сәуірге дейінгі тәулік ішінде 57 саяжай үйін су басты. Жалпы, өткен тәулікте 182 адам эвакуацияланды, оның ішінде 97 бала.
Облыс аумағында су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда жалпы саны 1 161 адам, 414 бірлік техника, 78 жүзу құралы, 251 мотопомпа азаматтық қорғау қызметтерінің күштері мен құралдары дайындыққа келтірілді.
Жалпы сыйымдылығы 14 мыңнан астам адамды құрайтын 84 уақытша орналастыру пункті, 30 шатыр, 1000-нан астам жатын-орын және 2000 төсек-орын жабдықтары дайындалды.
Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі