
2022 жылғы 31 наурызда БҚО Қаратөбе ауданының елді мекендерінде қар суының мейлінше еруі және су тасу қаупі жағдайына байланысты БҚО Төтенше жағдайлар департаментінде жедел штаб құрылды.
Сағат 20.40-та БҚО ТЖД дағдарыс орталығында облыс әкімінің орынбасары Т. Меңдіғалиевтің төрағалығымен азаматтық қорғау органдары қызметінің басшылары, өкілдерінің қатысуымен жедел штаб отырысы өтті. Отырыста Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарындағы жолдарды су шаю мәселесі талқыланды.
Сағат 22.00 шамасында жағдайды бақылау мақсатында БҚО ТЖД бастығының орынбасары полковник А. Токановтың бастауымен Қаратөбе ауданына авариялық-құтқару, эвакуациялық және шұғыл жұмыстар үшін күштер мен құралдардың жиынтығы жолға шықты.
Бүгінгі күні ТЖД басшылығы және облыс басшылығы ұшақпен жағдайды бағалау мақсатында су тасқыны қауіпті аумақтарға шықты. Су кірген 25 тұрғын үйдің иелері мәдениет үйіне көшірілді. Тұрғындарды көшіру мәселесі қарастырылуда.
БҚО ТЖД баспасөз қызметі