Павлодар облысында ТЖД қызметкерлері қар құрсауынан техниканы шығаруға көмектесті

Павлодар облысында ТЖД қызметкерлері қар құрсауынан техниканы шығаруға көмектесті

Павлодар облысында ауа райының қолайсыздығына байланысты автожолдардың 19 учаскесі жабылды. Оның ішінде 7 республикалық маңызы бар автожол. ТЖ Департаментінің қызметкерлері жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті полиция қызметімен бірлесіп облыс трассаларында авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді.

24 наурыз күні сағат 13-40-та Екібастұз қаласы Төртқұдық ауылының маңында бронның салдарынан «Павлодар- Нұр-Сұлтан» автожолының шетіне жеңіл автокөлік ұшып кетті. Павлодар облысы ТЖД қызметкерлері Расул Ысқақов пен Азамат Алимов көлікті күрекпен қардан тазалап, жолға шығарды. Үш адам Шідерті кентінің жылыту пунктіне жеткізілді, медициналық көмекке мұқтаж болған жоқ.  

Сағат 15-15-те Аққулы ауданында осыған ұқсас жағдай орын алды.  Аққулы ауылынан екі шақырым жерде ТЖ бөлімінің қызметкерлері қарда қалып қойған автокөлікті анықтады. ТЖ бөлімінің қызметкерлері Әділжан Мырзабай мен Азамат Асаинов Сhevrolet Cobalt автокөлігін тас жолға сүйреп алып шықты. Автокөлікте Нұр-Сұлтан қаласының азаматтары, 3 ересек және 2 бала болды. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізгеннен кейін бұл автомобиль Нұр-сұлтан қаласына қозғалысын жалғастырды.

Облыс аумағында бір тәулік ішінде 17 бекеті қойылды, онда 419 бірлік техника, оның ішінде 291 бірлік жеңіл және 128 бірлік жүк көлігі болды. Барлығы 1073 адам, оның ішінде 47 бала болды.

Өткен тәулікте уақытша жылыту пункттерінде 66 адам, оның ішінде 30 бала орналастырылды.

 

Павлодар облысы ТЖД баспасөз қызметі