«Саран» шахтасындағы оқыс оқиға туралы ақпарат

«Саран» шахтасындағы оқыс оқиға туралы ақпарат

2022 жылғы 23 наурызда сағат 14:40-та «АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының Көмір департаментінің «Саран» шахтасында  43К10-в лавасындағы оймаға жүргізіліп жатқан түзету жұмыстары кезінде кенжардың төбесінен тау массасы опырылып түскен. Оқиға салдарынан 1965 жылы туған тау-кен қазу машинисі қайтыс болды.

Алдағы уақытта «Қарағанды облысының Еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» ММ-де жұмыс өндірісі салдарынан болған оқыс оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі комиссия құрылады. Төтенше жағдайлар министрлігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің өкілі, жұмыс беруші мен кәсіподақ ұйымының өкілдері комиссия құрамына кіретін болады.

Тергеу нәтижелері бойынша еңбек қызметіне байланысты оқыс оқиғаның себептері мен мән-жайлары анықталады.

 

ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті