Қостанай облысында жүзден астам адам қар құрсауында қалды

Қостанай облысында жүзден астам адам қар құрсауында қалды

Қостанай облысы ТЖД қызметкерлері бір тәулік ішінде олар 122 адамды, оның ішінде 7 баланы құтқарды, автожолдардың тазартылған учаскелеріне 9 автокөлікті сүйреп шығарды.

Құтқару жұмыстары Қамысты, Сарыкөл, Науырзым және Жангелдин аудандарының жолдарында, сондай-ақ Арқалық пен Жітіқара маңында жүргізілді.

12 наурызда ТЖД Жедел-құтқару жасағының қызметкерлері сағат 04:50-ден 11:45-ке дейін Арқалық қаласы мен Алуа ауылы арасындағы аудандық маңызы бар жолда қар құрсауында қалған 8 жеңіл автокөліктен 49 адамды эвакуациялады. Құтқарушылар 21 жолаушыны Арқалыққа жеткізіп, қалғандарын жақын маңдағы елді мекендерге орналастырды.

Сонымен қатар осы күні Науырзым ауданында Дәмді ауылынан 15 шақырым жердегі облыстық маңызы бар тас жолда 50 адам оның ішінде 7 бала бар 17 жеңіл автокөлік пен 1 жүк көлігі қар құрсауында қалып қойды. Сағат 07:10-дан 12:15-ке дейін құтқарылған азаматтарды ЖҚБ қызметкерлері Дәмді ауылының жергілікті мектебінде орналасқан ең жақын жылыту пунктіне орналастырды. Олар үшін жергілікті атқарушы органдар ыстық тамақ ұйымдастырды. Құтқару операциялары сәтті өтті, ешкім медициналық көмекке мұқтаж емес, зардап шеккендер жоқ.

Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаменті ескертеді: қолайсыз ауа райында елді мекендерден тыс жерлерге шықпаңыз. Өз өміріңізге қауіп төндірмеңіз.

 

Қостанай облысының ТЖД

Қоғаммен байланыс тобы