
БҚО Орал қаласында облыстық Х. Бөкеева атындағы қазақ драма театрында Департаменттің туын тапсыру рәсімі өтті. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Мұхаметқалиұлы Күлдіков облыстың бас құтқарушысы Ернұр Сапарұлы Өтегеновке Ерлік, Құрмет пен батылдықтың символы - ту табыс етті.
«Мемлекет басшысы азаматтардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі, ал бұл бізден төтенше жағдайлардың алдын алу және жою бойынша міндеттерді нақты орындауды талап етеді. Өткен жылдың қазан айында Президенттің Жарлығымен министрліктің және оның аумақтық бөлімшелерінің символы ретінде Ту бекітілді. Бүгін Туды тапсыру Департаменттің барлық ұжымы үшін айтулы оқиға болып табылады», - деп атап өтті М. Күлдіков.
Сондай-ақ кездесу барысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Төтенше жағдайлар министрі Ю. Ильиннің тапсырмасын және министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмысты жеке құрамға түсіндірді. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер өз сұрақтарын қойып, аталған мәселелер бойынша жауап алды. Жиын аяқталған соң М. Күлдіков бірқатар өрт сөндіру бөлімдерін аралап шықты.
БҚО ТЖД баспасөз қызметі