
2022 жылғы 22 ақпанда облыс әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалиннің төрағалығымен облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Жиында облыстық ТЖ департаменті бастығы полковник Марғұлан Аманбаев көктемгі су тасқыны кезеңіне, өрт қауіпті және суға шомылу маусымдарына дайындық жұмыстары туралы баяндады.
Бүгінгі күні облыс бойынша 11 мыңнан астам адам тұратын ықтимал су басу аймағына кіретін 34 елді мекен бақылауда тұр, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 4 елді мекенде су басу қаупі жойылды, 13 елді мекенде қауіп барынша азайтылды, 17 елді мекенде қауіп сақталуда.
Су басу қаупі бар елді мекендерден шығарылатын қарды жинақтау полигондардың орналасу орындары тексерілді. Облыс бойынша қарды шығару үшін 13 орын белгіленген, олар елді мекендерден төмен орналасқан, су басу қаупі жоқ. Бүгінгі күнге елді мекендерден 164,5 мың м3 қар шығарылды.
Сонымен қатар 2022 жылғы өрт қауіпті кезеңде облыстың елді мекендерінде дала өрттерінің алдын алу және сөндіру үшін әкімдіктер 2100 адамнан астам 322 өртке қарсы ерікті құралымдарды құрды, олар 1410 бірлік аспалы өрт сөндіргіштермен, 2032 бірлік арнайы киімдермен, 196 бірлік өрт сөндіру мотопомпаларымен қамтамасыз етілген.
Бұдан басқа, күн жылуымен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап ететін суға шомылу маусымына дайындық мәселелері көтерілді.
Есепті жылғы статистиканы назарға ала отырып облыс әкімі мүдделі мекеме басшыларына тиісті нұсқаулар берді.
Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі