Қостанай облысында бақташы құтқарылып, балалары бар әйел эвакуацияланды

Қостанай облысында бақташы құтқарылып, балалары бар  әйел эвакуацияланды

1 ақпанда сағат 15:00-ден 18:00-ге дейінгі аралықта Арқалық қаласының әкімшілік аумағында Мирный ауылынан 10 шақырым жерде далаға қарда жүргіш машинамен шығып, қалың қар мен боранның салдарынан көлігі істен шыққан азаматты іздеу жұмыстары жүргізілді. Ер адам құтқарушылардан көмек сұрады.

Арқалық қаласы Жедел-құтқару жасағы бөлімшесінің қызметкерлері құрамында 3 адам жол талғамайтын машинамен жедел түрде іздеу ауданына шығып, ер адамды тауып, туған ауылына жеткізді. Ол медициналық көмекке мұқтаж емес еді.

Мирный ауылына келгеннен соң, құтқарушыларға тағы бір шақырту түсті. Бұл жолы тісі қатты ауырып тұрған әйелді Арқалық ауруханасына жеткізу қажет болды. Әйелдің екі кішкентай баласын қалдырып кететін ешкім болмағандықтан, құтқарушылар оларды анасымен бірге алып кетті.

Қазіргі уақытта әйелдің жағдайы қанағаттанарлық.

Қостанай облысы ТЖД азаматтарды қысқы кезеңде қауіпсіздік шараларын сақтауға кеңес береді.

 

 

Қостанай облысының ТЖД

баспасөз қызметі