
Аймақтағы су айдындарындағы төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрақты түрде мұз үстін қарап жүреді.
2021 жылдың қазан айынан бастап 201 рейд ұйымдастырылып, 1023 жадынама таратылды. Облыс мектептерінде қысқы кезеңде қауіпсіздік ережелерін сақтау тақырыбына 1000 астам оқушыны қамтумен 42 сабақ өткізілді.
Атырау қаласындағы Жайық өзеніндегі мұздың қалыңдығы орташа 10-13 см, Құлсары қаласындағы Қамыскөл көлінде, Құрсай өзенінде 15 см, ал Құрманғазы ауданындағы Шора және Қиғаш өзендерінде мұз қатқан жоқ.
Рейд барысында балық аулап отырған және мұз үстінде демалып жүрген тұрғындармен профилактикалық жұмыстар жүргізілді. Құтқарушылар ата-аналарға балаларымен жұқа мұз үстіне шықпауға, балалық тентектігі қайғылы жағдайға әкелуі мүмкіндігін түсіндіруге және балаларын қараусыз қалдырмауға кеңес береді.
Сондай-ақ құтқарушылардың міндеттерінің бірі — қыс мезгілінде балық аулаушыларға мұз үстіндегі қауіптер туралы ақпаратты жеткізу. Өзіңізбен бірге құтқару құралдарының болғаны жөн. Бір ұшына ауыр салмақты зат түйіншектеп байланған 20-25 метрлік қатты арқан ала шығыңыз. Жаныңыздағы серігіңіз мұзға түсіп кеткен жағдайда, арқанның ауыр зат байлаған жағын серігіңізге қарай лақтырыңыз. Ауыр зат суға түсіп кеткен серігіңізге арқанды лақтырып, түйіншектен мықтап ұстап құтқаруға септігін тигізеді.
Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаменті қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау су айдындарындағы қайғылы жағдайлардың алдын алатынын ескертеді.
Атырау облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы