Қар көшкінін болдырмау

Қар көшкінін болдырмау

Шығыс Қазақстанда көшкін қаупі бар жағдайға байланысты «Қазселденқорғау» филиалы мен ШҚО ТЖД мамандары көшкіндердің алдын алу шараларын жүргізуде.

«Өскемен-Таулы Үлбі – Солтүстік» автожолының 30-37 шақырымында жарылыс жұмыстары жүргізілді, нәтижесінде 1400 текше метр қар түсірілді. Алдын алу іс-шаралары төтенше жағдайлардың туындауын болдырмауға және күн сайын көптеген автотехника өтетін автожолды қорғауға бағытталған.

«Осы күндері қар көшкіні жинақталатын жерлерде қар көп жиналды. Әзірге облыста көшкін қаупі сақталуда. Жақын күндері қауіпті беткейлерде профилактикалық жұмыстарды жалғастырамыз», - деді «Қазселденқорғау» ШҚО филиалының басшысы Омар Дүзгімбаев.

Шығыс Қазақстан облысы ТЖ департаментінің  құтқарушылары мен «Қазселденқорғау» филиалының мамандары экстремалды спорт түрлерінің әуесқойларына тауға барудан бас тартуға, тұрғындарға аймақтағы көшкін қаупі бар учаскелерде өте сақ болуға кеңес береді.

Еске салайық, 16 қаңтарда Катонқарағай ауданында қатты жел мен ауа температурасының көтерілуіне байланысты көшкін өздігінен түсіп кетті. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

 

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі