
10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында елордалық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Көктал шағын ауданы, Ақтау 6/1 мекенжайында орналасқан жаңа әкімшілік ғимаратының салтанатты түрде ашылуы өтті.
Салтанатты ашылуға Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Ермек Қизатов, азаматтық қорғау органдарының ардагерлері мен Нұр-Сұлтан қаласының ТЖД басшылық құрамы қатысты. Шара барысында өрт сөндіру техникалары көрсетілді.
Аталмыш ғимарат 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің балансынан ТЖ департаментіне берілген. Өрт сөндіру қызметінің аппарат басқармасының қызметкерлері орналасатын бұл ғимараттың жалпы аумағы 878 шаршы метрді құрайды. Қайта күрделі жөндеуден өткен ғимаратта 49 кабинет пен бөлмелер бар.
Юрий Ильин өз сөзінде департаменттің және өрт сөндіру қызметінің жеке құрамын жаңа әкімшілік ғимараттың ашылуымен және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, елордалық құтқарушыларға мықты денсаулық, отбасылық бақыт және Отанымыз – Қазақстан Республикасының гүлденуі үшін кәсіби табыс тіледі.
Сонымен қатар, салтанатты ашылу барысында «Тарих және тағдырлар» атты деректі фильмнің тұсаукесері өтті. Деректі фильмде еліміздің тәуелсіздік жылдарындағы елордалық өртке қарсы қызметінің құрылуы, дамуы мен жеткен жетістіктері туралы айтылған.
Нұр-Сұлтан қаласы ТЖД баспасөз қызметі