Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30-жылдығы қарсаңында, сондай-ақ өрт-құтқару қызметтері қызметкерлерінің кәсіби және спорттық шеберлігін жетілдіру мақсатында, 2021 жылғы 3 желтоқсанда Атырау облысы ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің "Алау" спорт кешені базасында "Батыс Кубогы-2021" өрт - құтқару спорты бойынша ІІІ ашық қысқы турнирі өтті. Еліміздің батыс өңіріндегі ең мықты және шыдамды өрт сөндірушілер құрамына Атырау облысы, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарының ТЖД 5 құрама командасы өздерінің төзімділігін, дене және кәсіби дайындығын көрсету және үздіктерді анықтау үшін жиналды.
Ашылу салтанатында Атырау облысы ТЖД бастығы полковник Сәбит Кенжеханұлы Битаев турнир қатысушылары мен қонақтарына құттықтау сөз сөйлеп, спортшылар мен тренерлерге жылы лебізін білдірді, қатысушыларға осы турнирде жақсы нәтижелер көрсетуін тіледі. Одан кейін ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітжан Қисанұлы Дүйсекенов қатысушыларға жарқын жеңістер мен жаңа рекордтар тіледі.
Командалар оқу мұнарасының төртінші қабатына шабуыл сатысымен көтерілу бойынша жарысты. Оқу мұнарасының төртінші қабатының терезесіне спортшылар санаулы секундта шықты.
Спорттық күресте қатысушылар арасында жеңімпаздар жеке және командалық есепте анықталды.
Жеке біріншілікте Атырау облысы Қайсарбеков Жасұлан (13,96), Қызылорда облысы Әбдібек Еркін (14,30), Атырау облысы Мағау Нұралы (15,73) ең жақсы нәтиже көрсетті.
Командалық есепте Атырау облысының құрама командасы бірінші орынды, екінші орынды Батыс Қазақстан облысының командасы иеленсе, үшінші орынды Қызылорда облысының спортшылары иеленді.
Жеке және командалық сынақтардағы жеңімпаздар медальдармен, дипломдармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды. Жеңімпаз командаға жеңімпаз кубогы берілді.
«Батыс Кубогы-2021» өрт сөндіру-құтқару спорты турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін құттықтаймыз.
Атырау облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы