«Ғалым Мәлік Ғабдуллин және жаңа қазақстандық патриотизм» атты ІV халықаралық ғылыми-теоретикалық конференция өтті

«Ғалым Мәлік Ғабдуллин және жаңа қазақстандық патриотизм» атты ІV халықаралық  ғылыми-теоретикалық конференция өтті

2021 жылғы  15 қарашада Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ғалым Мәлік Ғабдуллин және жаңа қазақстандық патриотизм» атты IV халықаралық ғылыми-теориялық конференциясын өткізді.

Конференцияға   Академия басшылығы, профессорлық-оқытушы  құрам  және курсанттары, сондай-ақ   Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткерлері, зерттеушілер, республиканың жетекші жоғары оқу орындары мен мұражайларының ғылыми қызметкерлері қатысты.

Конференцияның ашылу салтанатында ҚР Төтенше жағдайлар министрі Ю.В. Ильин бейнеүндеуін жолдады. Академия бастығы, техника ғылымдарының  докторы,  профессор, полковник С. Шәріпханов құттықтау сөз сөйледі.

Сондай-ақ  "Батыр ғалымнан ұлағат ұрпаққа аманат" кітабының ресми ашылу рәсімі өтті. Бұл кітап - М. Ғабдуллиннің сөздері мен афоризмдерінің қалта жинағы.

Жиында батырлық пен ерлік үлгілері, патриотизм, Отанға қалтқысыз еңбек ету тақырыбындағы баяндамалар оқылды. Ал конференция соңында шара қатысушылары  Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Академия бастығының құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды. Азаматтық қорғау органдары мен ведомстволық білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін конференцияға белсене қатысқан зиялы қауым өкілдеріне  Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің атынан «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медаль табысталды.

Дәстүрлі шара әрі қарай М. Ғабдуллин музейінде  «Батыр тұлға – Бауыржан» атты жылжымалы көрмесінің ашылу рәсімімен жалғасты. Сондай-ақ  Академияның  жеке құрамы  Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайының өкілдерімен, Б. Момышұлының немере інісі, Қазақстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі Момынқұл Бекет Әбілдәұлымен кездесті.

 

ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының  баспасөз  қызметі