
Бүгін өңірлік коммуникациялар орталығында ҚР ТЖМ Қызылорда облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы азаматтық қорғау подполковнигі Бақтияр Тұрманов пен Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысының орынбасары Берік Стамқұловтың қатысуымен брифинг өтті.
Брифинг тақырыбы: «Газ құю бекеттеріндегі өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік шаралары туралы».
Брифинг барысында Бақтияр Махамбетжанұлы былай деді: «Қызылорда облысы Төтенше жағдайлар департаментінің, Полиция департаментінің, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкерлері бірлесіп, өрттің алдын алу, адам жарақаты мен қазасын болдырмау, тұрмыстағы жылыту пештері мен газ жабдықтарын дұрыс пайдалану бойынша тұрғын үй иелеріне, авто көлікке газ құю стансаларында, қоғамдық тамақтану орындарында түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.
Жыл басынан бері облыс көлемінде тұрмыстық газ баллондарының жарылуынан 7 өрт орын алды. Салдарынан 4 адам зардап шегіп, 8 адам қаза болды».
Одан соң Берік Әнуарұлы атап өтті: «Жалпы өңірімізде 28 субъектілерінде 228 автокөлікке газ құю стансасы (АГҚС) тіркелген, оның ішінде 1-еуі ірі кәсіпкерлік субъекті (32 АГҚС), 3-уі орта кәсіпкерлік субъекті (76 АГҚС) болса, қалған 24-і шағын кәсіпкерлік және микрокәсіпкерлік субъектілері (120 АГҚС).
Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №229 Жарлығына сәйкес орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарына 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін шағын кәсіпкерлік субъектілерін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілеріне тексерулерді және профилактикалық бақылау мен қадағалауды барып жүргізу тоқтатылған.
Осыған орай 24 шағын кәсіпкерлік және микрокәсіпкерлік субъектілеріне (120 АГҚС) тексеру жүргізілмейді.
2021 жылы "Кызылорда-газ ЖШС", "Азия Оңтүстік Пром" ЖШС, "Тұрангаз" ЖШС және "Аргос" ЖШС мекемелеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік саласы бойынша тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 132 бұзушылық анықталып, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 298-бабы 1 тармағымен (Жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі қағидаларды бұзу) 3 заңды тұлға және 1 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 233 мың 360 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Департамент автокөлікке газ құю станциялары бар субъектілеріне тұрмыстық газ баллондарына газ құюға жол бермеуге бағытталған профилактикалық үгіт-насихат жұмыстары, техникалық кеңестер үнемі жүргізілуде».
Брифинг соңында журналистердің сұрақтарына да жауап берілді.
Қызылорда облысы ТЖД
Қоғаммен байланыс тобы