2021 жылдың 10 қарашасында Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясында ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің жеке құрамы бойынша инспекция қызметкерлері үшін "Тәртіп пен заңдылықты бұзудың алдын алу бойынша қызметті ұйымдастыру" тақырыбында оқу-әдістемелік жиын басталды.
Іс-шараны Төтенше жағдайлар бірінші вице-министр полковник Ибрагим Күлшімбаев ашып, тәртіп пен заңдылықты бұзудың алдын алу бойынша кең ауқымды профилактикалық жұмысты ұйымдастыру төтенше жағдайлар министрлігінің басым бағыты екендігін атап өтті.
Оқу-әдістемелік жиындарда әдістемелік дайындықпен қатар көрнекі сабақтар, нұсқаулық кеңестер, тренингтер өткізу жоспарлануда. Соның нәтижесінде тыңдаушылар өзара тәжірибе алмасып, жеке құраммен жұмыс істеудің тиімді нысандарын әзірлей алады.
Оқу-әдістемелік жиынның алғашқы күнінде Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының уақытша міндетін атқарушы Руслан Куватов сөз сөйледі. Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамадағы негізгі жаңашылдықтарға, сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқартуға, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстарды жасауға ықпал ететін барлық себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған алдын алу сипатындағы кешенді шараларды жүргізудің маңыздылығына назар аударды.
Айта кетейік, қатысушыларға дәріс оқу үшін Полиция департаментінің, Еңбек инспекциясының, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызметкерлері, сот және прокуратура өкілдері, Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусының офицерлері шақырылды.
Оқу-әдістемелік жиын үш күнге созылады. Сабақтар ТЖ бөлімшелерінің қызметін психологиялық қамтамасыз ету, жеке құрам арасында тәртіп пен заңдылықты бұзудың алдын алу, тәрбие және идеологиялық жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері тақырыбында өтпек.
Жұмыс сапары барысында бірінші вице-министр Ибрагим Күлшімбаев Академияның материалдық-техникалық базасымен танысып, күрделі жөндеуден кейін жаңартылған Ақмола облысының Төтенше жағдайлар департаментіне, оқу орнының мұражайына барды, жедел құтқару жасағының техникасымен және жабдықтарымен танысты. Сонымен қатар, бірінші вице-министр Академияның оқу-жаттығу орталығында болып, болашақ құтқарушылардың практикалық дағдыларды қаншалықты меңгергендеріне куә болды.
ҚР ТЖМ Мәлік Ғабдуллин атындағы
Азаматтық қорғау академиясының
баспасөз қызметі