
Ташкент қаласында Орталық Азия елдерінің төтенше ведомстволары басшыларының өңірлік форум-кеңесі өтті. Іс-шараға Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бастаған Қазақстан Республикасы ТЖМ делегациясы қатысты. Сондай-ақ Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан төтенше ведомстволарының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен өкілдері қатысты.
Орталық Азия елдері төтенше ведомстволары басшыларының өңірлік форум – кеңесі 2021 жылғы 4-6 қараша аралығында Өзбекстан тарапының төрағалығымен өткізіледі.
Орталық Азия елдерінің 2022-2023 жылдарға арналған зілзала қауіп-қатерін азайту, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы өңірлік ынтымақтастығын нығайтудың негіздерін іске асыру, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою мақсатында пилотсыз ұшу авиациясын қолдану тұжырымдамасы мәселелері талқыланды.
Өз кезегінде Юрий Ильин Орталық Азия елдері арасында көптеген жылдар бойы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы жан-жақты өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықты арттыруда бірлескен жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті.
Министр Орталық Азия елдері ТЖМ басшыларына өңірдегі төтенше жағдайларға ден қою саласында жұмыс істейтін халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен Алматы қаласының ТЖ және зілзалалардың қауіп-қатерін азайту жөніндегі орталығының мүшелігіне кіруді ұсынды.
Сонымен қатар, қазақстандық тарап «Darmen» мобильді қосымшасы арқылы Орталық Азия елдерінің ерте хабарлау жүйелерін интеграциялау арқылы бірыңғай құлақтандыру жүйесін құру туралы бастама көтерді. «Darmen» қосымшасында магнитудасы 6 және одан да көп жер сілкінісі болған жағдайда сейсмодатчиктер іске қосылған кезде халықтың смартфондарына автоматты режимде тиісті хабарламалар жіберу бойынша функционал іске асырылды.
Симуляция режимінде «Darmen» қосымшасы арқылы Қазақстан мен Қырғызстан сейсмодатчиктері жүйелері арасында жер сілкінісі туралы деректермен алмасу қамтамасыз етілді. Бұл жекелеген елдің ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінің сейсмикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік бермек.
ҚР ТЖМ баспасөз қызметі